Ғылыми жұмыс » Торайғыров ЖББМ
Түркістан облысы
Мақтарал ауданы білім бөлімінің
"Торайғыров атындағы №30 жалпы білім беретін мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
11
февраль
2017

Ғылыми жұмыс

Мазмұны

І. Кіріспе.

а) Автор және  «Абай жолы».

ә)  Құнанбай - өз заманының перзенті  .

ІІ. Негізгі бөлім.

а)   «Қазақтың Иван Грозныйы» яғни «Мемлекеттік адам».

ә)   Тарихи Құнанбай. 

б)  Кімнің жүрегі адал болса, дүниеге сол тұтқа...

в)  «Арғы атасы қажы еді...»

г)   Құнанбайдың «қылмысты істері»

 ғ)  Құнанбай –эпопеяда ең мықты, құнарлы шыққан бейне.

д) Алыс-жұлыстың емес,  қызыл тілдің жүйрігі.

 ІІІ. Қорытынды.

а) Түстегі арқар сақадан  өмірдегі алаша ұранды азаматқа айналған Құнанбай.   

 

Қолданылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

           Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді – өз отандастарына, керек десеңіз тіпті – қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын – оның өткен өмірін – тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Ұлы қаламгер М. Әуезовтің Абайдың әкесі Құнанбайдың тарихи тұлғасын «Абай жолы» роман-эпопеясында жан-жақты суреттеп, қыры мен сыры мол теңдесі жоқ типтік бейне етіп мүсіндегені белгілі. Құнанбай бейнесі романда басқа көркем бейнелерден биік тұрған тағылымы мол, бойында адамға тән жақсылық қасиет заманнан заманға үлгі боларлық, ұлттық сананы саналылықпен сақтап қалған тұлға. Оның Абайға жасаған әкелік борышы, қазақ үшін, бүкіл ұлтымыз үшін мақтан тұтарлық әке екендігі архив беттерін ақтарғанда айқын көрінеді. Балалардың дүниеге келуі мен өсуіне, олардың жастайынан бітім – болмысының жетілуіне көреген әке көп мән берген. Олардың рухани танымына бағыт берумен қатар, мінез – құлқының қалыптасуына қарай жағдай жасап, ақыл – кеңес беріп отырған. Көп әйел алған Құнанбай балаларының татулығына, бауырмалды болып өсуіне мүмкіндік жасап, бір әйелден туған баланы басқа әйелдерінің бауырына салып, әйелдерінің де ауыл мен ауыл арасында беделді, абыройлы ана екендіктерін көрсете алған.
       Құнанбай образына қатысты тарихи шындық пен көркем шындықтың «Абай жолы» роман – эпопеясындағы бейнеленуіне байланысты архив деректеріне сүйене отырып, жаңаша пікір қалыптастыруға Ә. Марғұлан, Л. М. Әуезова, 

Т.Жұртбай айтулы еңбек сіңірді.  

      Кейіпкер Құнанбай мен тарихи тұлға Құнанбайдың өміріжеке басына қатысты оқиғалардың өзі өмір сүрген заманының тарихи шындығымен салыстыра талдау ұлы шығарманың түпкі көркемдік мақсатын терең түсінуге мүмкіндік береді.     М. Әуезовтің өзі де бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген. 1933 жылы жарияланған «Абайдың туысы мен өмірі» атты зерттеуінде: «Біздің мақсат – осы қарастырылатын адамдардың барлығының өмірін бізден алыс заманда, бүгінгі өмірімізден бөлек күй, бөлек шарт, бөлек тарихи дәуірде бүгінгіден бөлек болғандығын анық көрсету. Сондықтан біздің міндетіміз – қаралау емес, бүгінде анығын білгісі келген елге дәл пішінін көрсету «Абай жолы» -халық жолы, Абай туралы романдар –Абайдың ел-жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы , дәуірі һәм заманы туралы романдар. «Абай жолы» роман-эпопеясы күллі қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы үздік туындысы екенін білеміз. Құнанбай мен Абай – шығарманың алтын қазығы. Бірі -әкесі, бірі –баласы. Абай ұлы тұлға болғанда, Құнанбай қандай тұлға?

          Құнанбай – ұлттық руханияттан орын алған тарихи тұлға. Яғни, Құнанбайдың өмір жолы бұрмаланса, қазақ тарихы да, ұлттық таным да бұрмаланады. Шығарма кеңес өкіметі тұсында жазылғандықтан жалаң идеология негізінде көп нәрсе бұрмаланып көрсетілді. Бір жағы билеуші, аға сұлтан болған Құнанбай мүлде жағымсыз бейне етіп көрсетілді. 

         Құнанбайдың әдеби бейнесін кертартпа, ескішіл, өнерге жаны қас етіп сомдаған жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармасын тәрік етуге тағы да болмайды.  «Абай» романы жазушы толғанысынан туған таза шығарма. Абайды суреттеген кезде ұнамды немесе ұнамсыз кейіпкер етіп, оны топқа бөліп, бір-бірімен жасанды болса да арбастырып қойған социалистік реализм кеселі, ой-сананы құрсаулаған әкімшіл-әмірші жүйенің қолдан жасалған идеологиясы,  әдебиеттегі  қатып қалған қалып нәтижесі еді.

    Ұлы Абайдың :  «Адам баласын заман өсіреді, кім де кім жаман болса, замандастарының бәрі виноват », - деп текке айтпаса керек. 1939 жылға дейін Абайға  «байшыл, ұлтшыл, аға сұлтан Құнанбайдың баласы » деген бір жақты көзқарас болды да, ұлы ақынның шығармалары туған халқының қолына тимей, жабулы жатқан да кездер болғаны белгілі .

      1931 жылғы ашаршылықтың қанды шеңгелі Шыңғыс өңірін де аямады. Аға сұлтан Құнанбайдың еліне жақсылық жасап, аяушылықпен қарау – қылмыс деп даурығушылар тобыры да бір кезде ұлғайды. Мұның бәрі әдебиетті, адам ойын шектеген кеңестік идеология еді. Құнанбай да сол  дәуірдің , кезеңнің құрбаны болып, бір жақты сыңар жақ зерттеліп келді. Өмірдегі Құнанбай мен кітаптағы Құнанбайдың бейнесі сәйкес жасалды ма?

  Әкені балаға, баланы әкеге қарсы қойып тартыс туғызу сол заманның үрдіс үлгісі.   Егер бұлай етпеген күнде кітап жарық көрмес еді. Қолдан құрастырған идеология туғызған солақай талаптың кері салдары осы. Әке мен баланы қарсы қойып , осыдан көзқарас, мүдде қайшылығы туындады. Абай мен Құнанбай өз өмірлерінде бір-бірімен тартыс туғызарлықтай кереғар қақтығысқа барды, бірін-бірі мінеді, сынады дегені әлгідей қолдан жасалған «күрескерліктің » нәтижесі, дау туғызатын күдікті нәрсе .Шын мәнінде Құнанбай жас Абайға ақылшы, терең ойлы, тәлімді ұстаз бола білген кесек тұлға. Осы орайда ғалым Серік Қирабаевтың мына жүйелі сөздері көкейге қонады.. «Кезінде тарихи шындықтан алынған. Соған қарап Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан алып көру байқалып жүр. «Абай жолы » романында М.Әуезов те амалсыз Құнанбай бейнесіне дәуірдің идеологиялық жүгін арқалатқаны байқалады. Ал, шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі. Өзі сүрген оратда үлкен тартыстар үстінде өсіп жетілген адам, заманы туғызған кесек тұлға, сарқылмас қайрат иесі.»

      «1- кітапта тек ХІХ ғасырдағы қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері мен қилы тағдыры ғана суреттелген. Құнанбайдың жеке басының қасиеттері дәріптелген. Ұлы орыс халқының жақсылығы, игілікті ісі айтылмаған» деген  жалған идеология кесірінен, роман жарыққа шыққан күннен қатал сынға тап болды. 

        Құнанбай өзі өмір сүрген қоғамның қамшыгері, қайраткері. М.Әуезов оны  романда тек осы тұғырға қонған ызалы кәрі бүркіт есебінде алған. Ақыл-ой қарақшыларының Құнанбайдың қоғамдағы ықпалы мен орнын талдаған екі ұдай пікірі үлкен өртке ұласып кете жаздады. ҰОС-ның ең ауыр кезеңінде: « «Абай» романы- буржуазияның, феодализмнің жырын жырлаған жоқтау дастаны. Құнанбай –сол заманның үгіт насхатшысы, көсемі. Мұхтар алашорданың туын көтеріп отыр. «Абай» романы қызыл әскерлер арасында ұлтшылдық іріткі салады. Тоқтату керек. Кітап өртелсін!» деген жымысқы өсек қамысқа тиген өрттей боп лаулады. Арандатушылардың бұл бықсығы өнерге ғана тиіп қалған жоқ, майдандағы жауынгерлерді де күйдірді.

      Өсектен өршіген өрт 1943 жылы наурыз айында, атақты Ленинград қоршауы бұзылысымен лап ете қалды. «Абай» романының тағдыры талқыға түсті . (193.1778) . Басты қарауылға Құнанбай образы ілікті. Шабуылға шығушылар, С.Мұқанов бастаған сыншылар- жоғарыдағы байбаламын қайталады. Романда «таптық тартыс жоқ», «феодалдық роман» ,«кедей кейіпкер жоқ», «рушылдықты қоздырады», «Құнанбай -солардың көсемі» десті. Көркем образды талдап отырғандарын ұмытып, әр кейіпкердің өмір-тарихын қуалап кетті. « «Абай» -тарихи-салт ғұрыптың романы болса, осыған байланысты аты «Құнанбай» болуы керек еді» деп даурықты.

       Ең қауіпті байлам –осы.  Егер де М.Әуезов әлгі сыншының ығына жығылып , дегеніне көнсе бітті, одан арғы романның да, өзінің де тағдыры А.Ахматованың кебін киері айдай анық-ты. Аты «Құнанбай» болса - өзін-өзі жарға сүйреп апарар еді. Роман туралы баяндама жасаған сыншы Есмағамбет Ысмайылов « Құнанбайдың Қарқаралыда мешіт салдыруы ілгерілеушілік әрекеті. Құнанбай –қазақтың Иван Грозныйы. Ел бірлігін сақтау үшін қаталдыққа сүйенген - мемлекеттік адам . Алшынбай- ел мұңын жеген адам. Құнанбайдың қаталдығы Иван Грозныйды еске салатыны рас. Бірақ дала  аға сұлтаны бүкіл қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, олардың басын біріктіруді көздеді ме, жоқ па? Туысы үлкен адам, бірақ Грозный емес ол! » Автор осы сынға иілген күнде, елуінші жылдары Әуезовті арашалап алудың жолы мүлдем кесілетін еді.

        Екі жақтың аптығын басып, әділін айтқан төрелік – сол мәжілістегі  Ғ.Мүсіреповтың  қорытынды сөзі болды. Мақтауында қуаныш, жамандауында кейіс жоқ.. « «Байларды қойдай қу қамшымен» сарынына еріп, біз арғы кезде бардың бәрін теріске сайып, безіп келдік. Халық шығармаларын жауып тастап, Абайды Құнанбайдың баласы деп қаралап, жиырма жылға жуық маңымызға жуытпадық. Ал Мұхтардың «Абай» романы - әлі күнге дейінгі бұл жөніндегі қатемізді түзеп берген бірінші еңбек»- деп кесіп айтты.

      Төрелік те, кесім де осы сөз болды.

      Өрт өшірілді. Құнанбай бұл жолы да жазадан құтылды.

     Құнанбайды тарихи бейнесінен алшақтата , тарихи шындықты бұза жазған деген дерек бар. Біздің талдағалы отырған Құнанбай  сондай шебер жасалған сирек образ. Дұрысы, Құнанбай – жағымсыз кейіпкер. Кері кеткен кер заманның жанкешті жақтаушысы, рулық- феодалдық жүйенің бір тінін үзгісі, бір өрімін ыдыратқысы  келмейтін шынжырлы-шонжар, күні өткен, тозығы жеткен көненің жамап –жасқаушысы.... Автордың айтуында да «Құнанбай образы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына  орыс мәдениеті арқылы өніп келе жатқан, келешегі зор  жаңаның жолындағы кедергіні – ескіні көрсету нәтижесінде туған. Дәл бүгінгі күнге дейін Құнанбай бейнесі осылай танылып келді. Шын мәнінде тарихи Құнанбай осындай тұлға ма еді?

     Құнанбай өзінің мағыналы ұзақ ғұмырында көп іс тындырған, соңына ізгілікті із қалдырған, әрі ақылды, өжет кісі болған. Шешесі Зере айтты деген мынадай сөз бар.  Бойына бала бітерде түс көріпті. Түсінде жұбайы, пірі Өскенбай кең алаша үстіне , малдас құрып алып алтын сақаны иіріп  отыр екен. Алтын сақа - ғайыптағы аңның құлжасынан алынған білем. Алаша үстіндегі тәйкесінен  түскен сайын маңайына жарық сәуле шашатын көрінеді. Жорыған кісілер: Бойыңа біткен қошқардай ұл, сол ұл есейе келе елді соңына ілестіреді депті. Айтса айтқандай, сәт сағаты туып, дене бітімі өте кесек, сүйегі іріліктің барша нышанын танытып, қол-аяғы балғадай перзент шыр етіп дүниеге келеді. Ежелгі ел дәстүрі бойынша, үш күндік мерзім ішінде нәрестеге ат  қойып, құлағына үш рет үшкіргенде сыйлы ауыл қариясы немесе шежіреші дана адам нені мақсат-мұрат тұтынып, нендей жайға ырымдағаны белгісіз, әйтеуір сәбиді «Құнанбай » деп ныспылапты. Түстегі арқар сақадан өмірдегі алаша ұранды арқалы азамат болып шыққан – осы Құнанбай. 

     Құнанбайдың денесі сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын, зор денесі балуандыққа, өткір көзі ерлікке, басы ақылдылыққа біткен. Әкесі молдадан оқытып, Құнанбай шала хат танып қалса да, әкесі Өскенбайға келген хаттарды бірімен-бірін салыстырып , өз талабымен хатты толық танып, түркіше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған.

  Зерек, алғыр, өте ұғымтал, сонымен қатар қатал, пысық, еті тірі Құнаш өзіндік қасиеттерімен көзге түсіп өседі.

           Құнанбай Өскенбайұлы(1804-1886 ж.ж.) –Абайдың әкесі, аға сұлтан,, қоғам қайраткері.Әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы Тобықты  елін билеген беделді адам болған. Өскенбайдан басталған билікті оның ұрпағы 150 жыл бойы, кеңес өкіметі орнағанға дейін қолдарынан шығарған жоқ. Құнанбай әуелі шағын ауылды басқарды. , кейін болыс басқарушысы болып сайланып, тобықты елін биледі. Келе-келе дуанды басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейін жетіп, даланың беделді де білікті әкімдерінің қатарына көтеріледі. 1846 ж. Патша үкіметі қазақ даласындағы мал-жан санағы , жер-су, өзен-өлкені картаға түсіру, Ұлы жүз қазақтарын Ресей өкіметіне  бодандыққа алу сияқты  түбегейлі мүдделерін іске асыру үшін арнайы экспедиция  ұйымдастырады. Оның құрамына батыс-Сібір әскери –губернаторлығы кеңесінің шенді адамдарымен бірге жасы 40-тан асқан ел әкімі Құнанбай да енгізілді. Олармен бірге жүрген бірнеше ай ішінде экспедиция мүшелері Құнанбайдың іскерлігі мен кісілігіне қатты риза болған. Поляк саяхатшысы Янушкевич өз күнделігінде: « Құнанбай Барақ сұлтаннан бір-екі жас үлкен. Бұл да бүкіл елге әйгілі адам. Қарапайым қазақтан шыққан ол жаратылысынан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халықтың қамын ойлайды. Оған жақсылық жасасам дейді. 

          Елінің ежелгі жол-жобасына, Әл-Құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Ресей өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік ,қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат. Құнанбай- халқының қамқоры. Жұрт пайғамбардай көреді. Сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып қойылған. Елден ерен  білгіштігінің арқасында  бұл қызметті тасқаяқтай қағыстырып, тамаша жақсы атқарады,  Оның айтқаны екі болмайды. Қабағын қақса, іс орнына келіп жатады. Жасынан ол сұлу жігіт екен,  қазір шешектің дағынан беті шұбар болып қалған. Құнанбай бұлбұлдай сайрап сөйлеп кеткенде, тыңдаған халайық бетінің  бұжырын мүлде  ұмытады... Барақтың қасында сұлтандарын жан деуге болмайды, ал бай атаулы Құнанбайдың ұлтанына да  тұрмайды» ,-деп жазған.

       Бұл Құнанбай жайлы алғашқы жазба дерек. Әкесінің соңғы 40 жылдық өмірін өз көзімен көріп өскен Абай 1895 жылы баласы Әбдірахман дүниеден қайтқанда шығарған «Арғы атасы қажы еді...» деген жоқтау , жұбату өлеңдері Құнанбай туралы  бар шындықты айтып, әкесінің ел сүйсінерлік  ерен тұлғасын жасады. Абайдың суреттеуінше де ол – ізгі істерімен артына өлмейтін атақ қалдырған, мұңды-шерлі  жоқ- жітіктердің қамқоршысы болған, ақылды, адал, жомарт, әділ адам. Құнанбайдың қоғамдық қызметіндегі игілікті қызметінің  бірі – оның оқу–ағарту ісіне ерекше мән бергені. Құнанбай- оқуды, білімді зор бағалаған адам. Өл өзіне біткен баланың бәрін бірдей оқытумен қатар, еліне , қоғамына білім таратып, ұстаздық ететін шет ел адамдарын қатты күткен. Бұның  қолына кеп, қазақпен туысып, анық қазақ болып кеткен әлденеше ұлттың адамдары бар.. Татардан шыққан Ғабитхан, Кішкене молда, Ысқақ тұқымы, Түркістаннан келген Бердіғожа, Кавказдан келген Ғабдолла (Қазақбай атанып кеткен) сияқты, қырғыздан келген Бәшібектей жандар бар. Осының бәрі болмаса да ,көпшілігі, бала оқытып, ұстаздық құрып, Тобықты ішіне оқу-білім таратқан жандар. Ол өзі дінді мықтап ұстанып қана қоймай, қара танудың, сауат ашудың, ескіше ғана емес, орысша оқудың заман ағымына өте қажетті екенін ұғынып, өз ауылынан қазақ балаларына тіл үйретіп,  білім беретін училище ашпақ болып, 1845 жылы қаңтар айындағы бір арызында Құнанбай Шекара басқармасына қазақша-орысша сөйлей алатын, жаза білетін орыс мұғалімін жіберуді сұрап хат жолдайды. Тілегі орындалады. «Ескі там» («Бұзылған там» деп те атайды) деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен  руластарының балаларын оқыта бастайды . Жылына Түркістанға бір мәрте керуен жіберіп түрік тіліндегі, шығыс әдебиетінің жұлдыздарының кітабын тең-тең етіп алғызып, шәкірттерге таратып беріп отырған. Қағаз, қаламды өз қаражатымен алғызған. Бала оқытып, шәкірт тәрбиеленген  мектеп орнын ел іші  кешегі күнге дейін «Ескі там» деп атап, сол жұртты қасиеттеп келгенін білеміз.Балаларын одан әрі оқытуға ерекше ынталы болады. Абайды Семейдегі діни медресеге береді. Халиолланы 1859 жылы Омбы кадет корпусына оқуға тапсырды.Оны бітірген соң Мәскеудегі әскери училищеге түсуіне қамқоршы болады.

     Құнанбай қажы. Құнекеңнің қажылық сапарына қатысты деректер, естеліктер, түрлі жазбалар баршылық. 1874-1875 ж.ж. қажылық сапармен Меккеге барып, онда мұсылман елінен келген адамдар түсетін үй – Тәкие салғызған.  

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бір құдайдың жолына 

         Малды аямай бұлапты, - деп әкесі туралы Абай айтқандай, 

өзінің діни нанымы жолында қаншама қаражат шығындап, ниеттеніп , Қағбаға  тауап етіп қайтқан Құнанбай ісі ел есінде.

«Жалғанда қорлық  қазақтың жататын үйінің жоқтығы екен. Дүние, малды несіне жинап жүрміз. Ретті жерінде кәдеге жаратқанға не жетсін. Мұны айтып отырғаным, осында келген қазақ қажылары шілдің қиындай шашырап әркімнің үйіне қонып жүрміз. Біздің соңымыздан келетін талай жұрт кебімізді кимесін.Сондықтан қазақтарға арнап үй салдырайық. Мен осында қалып, іс қылуға бекініп отырмын »,- депті дейді. 1905 жы­лы Ыстамбұл арқылы қажылыққа барған сапарында Құнанбайдың немересі, Құдайбердіұлы Шаһкәрім ол тәкияны өз көзімен көріп, Қанатбай атты қазақ ие болып отыр екен деп суреттеп жазады. Кейінде, хиджаз өлкесінде Сауд Араб патшалығы құрылғаннан кейін Байтолла айналасы кеңейтіліп, бірнеше мәрте жойқын өзгерістерге түсіп, байырғы тәкия иелеріне рұхсатнама сұралған, өтеме қаржысы көрсетілген ресми хаттар жолданады. Құ­нанбаймен қатар қажыға барып, ол да тәкия салдырған Сыр бойының бай-бағыланы Мырқы, Мінайдар ұрпақтарына 1930 жылдары осы мазмұндас хат келгенін, ГПУ-НКВД оның түпнұсқасын ұрпақтары жоқ, қабыл етпеді деп арнайы мөр басып, Мәскеуге қайтарып жібергенін ескікөз қариялар айтады. Бай, феодал, ақ патшаның аға сұлтаны, фанатик діндар деп Құнанбайдың өз басы қараланып, үрім-бұтақтары қызыл империяның аяусыз қорлық-зомбылығына ұшырап жатқанда, атып-асып жатқанда алыстағы Меккеден жеткен үшбу хатқа кімдер тиянақтап қарап, мән бере қойсын. Осылайша Құнанбай қажы тәкиясы атаусыз, сұраусыз, жауапсыз жермен-жексен құлатылып тасталған. 

       Құнанбайдың Қарқаралыда мешіт салдыртуы. Қарқаралыда мешіт салу жөнінде 1847 ж.22 қыркүйекте  әңгіме қoзғалады, 1849-1952 ж. Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағаңдықтан - мешіт халық арасыңда Құнанбай мешіті аталып кеткен. Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіңдегі исламдінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Мешітке көзіңде Абай да барып тұрған.

      ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген аягөздік қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид  өзінің 1910 жылы Қазан қаласында бастырған «Тауарих хамса » атты кітабында былай жазады: «Қарқаралыда Құспек алынған соң орнына тобықты Құнанбай мырза 1849 жылы аға сұлтандыққа сайланады. Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, Құнанбай сайланысымен сол жылы-ақ мешіт салдырып, құрбандық шалдырып ресми ашты. Оның тәуір-ақ әділеттілігі мен жомарттығы да бар еді.»   Жоғарыда келтірілген құжаттар мен тарихи жазбалар аталған істердің басында табиғатынан іскер, өтімді, алымды болған осындай беделді қайраткердің  ғана    қолынан келетінін дәлелдейді.Құнанбай Қарағанды, Семей оязының дербес көмекшісі болды деген дерек бар. Ал, 70-тен асқанда Меккеге барып, қажы атанған Құнанбай енді бұдан әрі  ( жалған дүние сөзіне араласпай )шымылдықтың ішінде тыныш жатып, құдайына құлшылық жасаумен өмірін өткізеді.

    Оның ақылдылығы, кісіліктілігі, әділдігі, шешендігі туралы ел есінде сақталған аңыз ұшан теңіз болса, қатыгездігі, өктемдігі, шонжарлығы жайында да әңгімелер аз емес. М.Әуезовтың: «Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол- феодалдық дәуірдің , өз табының бел баласы, ісі мен мінезінде заманның айқын таңбасы бар»,-деуі де содан болса керек. Сол себепті де оның қарсыластары аз болмаған.

    «Құнанбайдың қылмысты ісі» Құнанбай аға сұлтан кезінде де, болыс кезінде де жерге байланысты өзіндік саясат ұстанған. Қарқаралы қазақтарын отырықшылыққа айналдырып, егіншілік кәсібіне үйрету үшін және тұрғын халықтың әлеуметтік мұқтаждары үшін сауда дүкендерін, мектеп-медреселер салуға қолайлы жерлер бөлу туралы орыс әкімшілігіне  мәселелер көтерген.  Тобықтының өз ішіндегі руларды көшіріп-қондырып, қыс қыстау, жаз жайлауын өзінің қалауынша өзгерістерге ұшырата берген.   Құнанбайдың қарсылас айтыс-тартысқа түскен адамдары талай рет үстінен жазбаша шағым арыздар да түсіріп, тергеуге алған.Ол дұшпандарын қатал жазалап, реті келгенде жер айдатып та жіберген. Күш жұмсап, елін шауып алған. Архив құжаттарында Бөжей Ералыұлының 250 жылқысын  тартып алғаны үшін қылмысты іс қозғалғаны,  аға сұлтан кезінде елден заңсыз алым жиып, басқа кісілердің иелігіндегі шұрайлы     жерлерді өз меншігіне алып, көп адамды аяусыз жазалап, ақырында аға сұлтандықтан босатылып, Омбы қаласына шақыртылып, қамауға алынғаны, Ш. Уәлиханов араласып, оны абақтыдан босатып, кепілдікке шығарып, ісін қайта қарау деген  желеумен бұздырғаны жайлы мәліметтер сақталған.   Жер дауы «Құнанбайдың қылмысты ісінде» үлкен орын алады. Соның бастысы – Бөжейдің жер дауы . Екеуінің арасы 1846 жылыға дейін жақсы болған. Құнанбай озбырлығы асқынып ,үлкен жауласушылыққа барған. 1846 жылы басталған дау 1866 жылы Күшік- Тобықты болысының басқарушысы Құнанбайдың баласы Абайдың болыстыққа  сайланғанынан соң шешіледі.

     Құнанбайды айыптау ісінде талай кісі өлімі туралы айтылады. Бірақ тергеушілер оның мойнына қоятын айғақ таба алмайды. Құнанбайға тағылатын айыптың бірі – Қодар мен Қамқаның өлімі. Бірақ ол жайында архивтерде ешқандай дерек кездеспейді. Құнанбай бала кезінен өжет, бірбеткей болып өседі. Жаугершілік ұрыста оң көзінен айрылған. Жалғыз көзімен шаншылып қараған кезде кісінің дәті шыдамай бұрылып кетеді екен. Ол билік айтқан кезде «анау жуан, мынау малды, мынау жарлы» демей, кісінің ажарына , шен-шекпеніне қарамай тура сөз айтқан. Әділ шешкен. Қажылық сапарға шыққанша ел адамдары оны «мырза» деп атап кеткен. Оның да себеббі бар. Бірінші:  әкесі Өскенбайдан енші алған кезде ірілі-уақты 12 жылқы тиген, соны өз еңбегімен өсіріп, 2 000-ға жеткізген бейнеті. Шын мұқтаж адамға мал аямаған, сұрап келген кісінің алдына сақылық танытып мал салып берген. Екінші:  ел ішінде , сахарада сол заманда дендеп жайылған барымта, мал ұрлау дегенге қарсы шығып, өз атшабарларына біреудің бұрау ағашын рұқсатсыз алма деп жарлық таратады. Сол жарлық мырзаның атын дүйім елге жайып жібереді. Әділетсіз іске, әлдінің нашарды жылатқан жәбіріне бей-жай қарамаған, аса қатал, шұғыл пәрмен қолданған.

        Аға сұлтан Құнанбай Мұхтарсыз да тарихи мұратына жетіп алған. Ал, Құнанбайсыз Мұхтардың басты мұраты орындалмайтын. Ол Абайды да , «Абай жолы» романын да , сол арқылы Мұхтардың да беделін көтеріп тұр. Құнанбайсыз үшеуінің де белсүйегі сынатын. Бірінші кітапта Қодар мен Қамқа оқиғасы тұсында Құнанбайды барынша қатал әрі әділетті шешім иесі етіп қанық бояумен суреттеді. Алайда , екінші  басылымында ол ниетінен қайтуға мәжбүр болды. Кісіні өлімінен арашалауға дәрмені жетпеген жазушы Құнанбайдың күнәсін тараудан тарауға ауысқан сайын мысқылдап ауырлата берді. Ақыры қолдан жасалған қиянаттар мен қиялдан туған қисындарға шырматылған шырмауықтан Құнанбайды тазартып алудың жолы мүлдем кесілді. Мейлінше шыншыл суреткер бұл кейіпкерді мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір емес, бірнеше бояуды қатар алып, түрлі түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде барлық күнгей-көлеңкесімен жан-жақты, толық, тұтас тұлғаландырады.  Және ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп, не тонап әкетпейді. өзіне береді, өзінде қалдырады.

        Құнанбай- азулы ғана емес, ақылды, шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен, көкірегі сара, көреген, ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде; жыртқыштығы да сондай; бүргені құтылмайды, құтылса, мынаның тырнағы сонымен бірге кетеді. Осыған енді амалы мен айласын қосқанда Құнанбайдың қулығы мен сұмдығына , сұңғыла зымияндығына найза бойламай шығады. Мұнысы – ақылдан туған тәсіл. Дәлел ретінде романның 1- кітабынан Абайға Байдалы айтып берген бір қызық жәйтті мысалға келтірелік. Байдалы Абайға: «Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек», – деп Қаратайды мақтай отырып былай дейді: «Әне бір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар – барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланы 

Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив