Тәрбиеге байланысты менің көзқарасым
Тәрбиеге байланысты менің көзқарасым |
"Ұстаз” –не бары 5 әріп. Осы 5 әріптің аясында қаншама мағыналы ой, терең мазмұн жатыр десеңізші?! Ғалым да шахтер бас иетін Ұстазым бар сенің қасиетің – деп ақын толғанғандай ұстаз алдында қандай кемеңгер болса да бас иеді. "Ұстаз – адам жанының инженері” деген ұлағатты зерделі ой, даналық сөз бар. Ендеше сол даналық сөзге ден қойып, зерделі ойға зер салайықшы. Ұстаздың басты мақсаты мен міндеті бала тәрбиелеу оған білім беру. Әл-Фараби айтқандай тәрбиесіз берілген білім нәтижесіз ең бірінші жас нәрестеге ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беріледі. Сол сәби ата-ана құшағында бесікте тәрбиелене келе, өмір табалдырығын баса бастайды. "Ел боламын десең бесігіңді түзе” деген осы бастау алған екен ғой. Келесі кезең бала – бақшадағы тәрбие осыдан кейін "мектеп” атты үлкен мұхитқа "білім” кемесіне мініп аттанады. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин күтім көрген ағаштың биікке самғап түп-түзу болып өскенін, ал күтімсіз ағаштың қисық-қыныр бей-берекет өскенін өз шығармасында атап көрсетеді. Сол сияқты тәрбие көрмеген бала болашақта қоғамға жат, қылмыскер, жалқау, бұзақы, ниеті жаман тұлға болып шығады, ал дұрыс тәрбие алған бала тәрбиелі, адамгершілік мол, білімді де білікті қоғамда өз орнын таба алатын жеке тұлға болып қалыптасатыны баршамызға мәлім. Оқу мен тәрбие-егіз екендігін мен бүгін терең түсіндім десем еш қателеспеймін. Мен – ұстазбын, мен - мұғаліммін, мен – зерттеушімін, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын – тәрбиешімін. Өзім қазақ тілі пәнінің мұғалімімін сонымен қатар сынып жетекшісі бала тәрбиесіне тікелей араласып келемін. Ұстаздық еткен 5 жыл ішінде мен өз іс-тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорттым. Бүгінгі таңда тияанақты білім беру жүйесінде оқушылармен тәрбие жұмысын дамыту басты мақсат болып отыр. Осыған байланысты мектептің алдына қоятын ең басты мәселесінің бірі-өркениетті, прогресші бағыттағы азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық тілін жоғалтпаған, өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар жеке басының санасын көтеру. Тәрбие-қоғамдық үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның ара-қатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Оның негізгі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның жағымды қасиеттерін дамыту болып табылады. Оқушылардың саналы тәртібі мен бойымда мінезін қалыптастыру оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу тәрбиешінің мақсатқа бағытталған іс- әрекетіне байланысты. Тәрбиенің негізгі міндеті - қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадыр-қасиет сияқты биік адамгершілік стимулдарына айналып отыр. Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. "Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті” деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар. Әрбір қоғамның өз даму жағдайында бұл өткір мәселе әрқалай шешіп отырған. Қазіргі таңдағы ағым да оңай болып отырған жоқ. Кейбір тұрмыстық қиындықтар мен өмір сүрудің ауытқушылығынан руханиятсыздық белең алуда. Сондықтан Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің жолдаулары мен сөздеріне егемен еліміздің азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарының ерекше рөлі барын баса айтып келеді. Елбасы, әсіресе жастарда қазақсатандық патриотизм сезімін оятып, тәрбиелеу қажеттігіне айрықша көңіл аудартады. Елбасымыздың бұл айтылғандарымен келесі отырып мен төмендегідей бағыттарда оқушы мен жұмыс жасаймын. - жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және күш-қуаттың мүмкіншілігін дамыту, салауатты өмір салтының берік қағидаларын қалыптастыру, тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау арқылы оның зерде-саласын байыта түсу; - өз Отанын сүюге, азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеу, мемлекет рәміздері мен халық салт-дәстүрлерін құрметтеу, Ата Заң мен қоғамға қайшы келетін көріністерге төзбеу; - республиканың қоғами-саяси, экономикалық өміріне белсене қатысуға және сондай-ақ өз құқықтары мен міндеттерін сезінуге баулу; - әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін игеру, қазақ және республикада тұратын басқа да халықтардың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерінің тарихын жете білу, мемлекеттік, орыс, шетел тілдерін меңгерту т.б. Өткен ғасырларға көз жүгіртсек шығыстың ғұламасы әл-Фараби: "Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін” – деген екен. Адам өмірге бәрі бірдей болып келеді, бірақ та өсе бара олардың тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Бұған ата-ананың, ұстаздың атқаратын ролі өте зор. Адам тәрбиесі – үдемелі қозғалыспен жүріп отыратын мәңгілік үрдіс. Қазақтың тәлім-тәрбиесі – теңдесі жоқ даналық, қасиетті мектеп десен артық емес. Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттердің сіңісуі, өнер-білімді игеруі тәрбиеге, салауатты өмірге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсінген халқымыз – "Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы”, "Тәрбиесін тапса адам болар, оқуын тапса білім қуар” деп ұлағатты ұстаздың еңбегінің текке кетпейтінін өсиет еткен. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімдік заңы салтанат құруы шарт, яғни ол өзінің өсу есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де, қоршаған ортасы-табиғатпен де өзара үйлесім таба білуі тиіс деп ойлаймын. Білімді де білікті, салиқалы да парасатты, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу – мемлекеттік маңызды іс екені белгілі. Сол себепті жоғарыда сөзіме арқау болған мәселелерді түбегейлі шешу, салауатты өмір салтын қалыптастыру – баршамыздың парызымыз әрі қарымыз екені даусыз. Келешектің қамын қазірден ойлап, оған бүкіл жұрт болып атсалысуға міндеттіміз, - деп сөз ой-толғауымды түйіндегім келеді.
Тилеуова Асия Орынбасаровна Аға тәлімгер
|
|
|
|
|